Қызылордада жоғалып кеткен тұрғынның денесі табылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада үйінен шығып, қайта оралмаған 44 жастағы азаматтың мүрдесі каналдан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл азамат 22 шілдеде таңғы сағат 10.00 шамасында үйінен шығып кеткен. Отбасы мүшелері содан кейін ол азаматтан еш хабар ала алмаған.
«Осы мақсатта іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жедел-құтқару жасағының мамандары оның мүрдесін қала орталығындағы каналдан тапты», деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің маманы Айгүл Нұрманова.
Биыл жыл басынан бері Қызылорда облысында суға кеткендер саны 25 адамға жуықтады. Олардың ішінде 10-ы балалар.
Төтенше жағдайлар саласының мамандары суға түскенде сақ болуды ескертеді. Тұрғындарға арнайы белгіленген қауіпсіз аймақтарда суға түсуге мән беру тиістігін айтады. Сондай-ақ, балаларды бақылаусыз қалдырмау қажет екенін еске салады.