Қызылордада миллиондап бәс тігіп, карта ойнап отырғандарға шабуыл жасалған
Қызылордада жеке үйге қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған оқиға 2018 жылдың шілде айында орын алған. Қылмыскерлер жеке үйлердің бірінде көзір ойналатынын, онда бірнеше миллион теңге бәс тігілетінін алдын ала білген. Соған сәйкес жоспар құрады. Әрбірі өзі атқаратын міндеттерін бөліседі.
Бару үшін арнайы жеңіл көлік әзірлейді. Осыдан соң өздерінің әрекетіне кіріседі. Әлгі үйге барып аулада отырған адамдарды көріп, мылтықпен оқ атады. Оқтан бір адам ауыр жараланып, ол ауруханада көз жұмды. Дегенмен қылмыстық топ мүшелері бой тасалап кете алған жоқ. Полиция құрығына ілікті. Олардың арасында сол уақытта кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім де бар болып шықты.
Аталған істі қараған Қызылорда облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды. Адамдарға қарумен шабуыл жасаған екі қылмыскер 17-19 жылға бас бостандығынан айрылса, қалған төртеуі 6-8 жыл аралығында осындай жазаға тартылды.