Қызылордада өрістегі малды атып алғандар ұсталды
Қызылорда облысының Жалағаш ауданында жайылымда жүрген малдарды атып алған қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Аймақта республикалық «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 6 мал ұрлығы тіркеліп, бұл қылмыстар сол күні ашылған.
Жалағаштағы мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ өткен жыл соңынан бері жайылым мен қорадағы малдарды ұрлап келген. Олар оңай пайда табу мақсатында түнгі мезгілде бақташысыз жайылымда жүрген малдарды атыс қаруымен атып алып, сойылған мал еттерін облыс орталығындағы жеке кәсіпкерлерге арзан бағамен сатып отырған.
Жалпы осы мерзімде жәбірленуші 4 азаматтан арыздар түсіп, олардан 3 жылқы, 2 ірі қара малы ұрланғаны және оларға жалпы 1,5 млн теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Жедел іздестіру шаралары барысында құрықталған 22-31 жас аралығындағы 6 азаматтың Жалағаш ауданының тұрғындары екені анықталып, олар өз қылмыстарын толығымен мойындаған.
Сонымен қатар, олардың тұрғын үйлеріне жүргізілген тінту барысында 12 және 16 калибірлі тегіс ұңғылы аңшы мылтықтары мен мал етін тасымалдаған автокөлік тәркіленді.
Күдіктілер мал ұрлығы қылмысынан бөлек заңсыз қару сақтағаныда үшін жауапкершілікке тартылатын болады. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу әрекеттері жүргізіліп, олардың басқада қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.