Қызылордада газ баллоны жарылысынан зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды
Бұған дейін oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі Қызылорда қаласына қарасты Қаруылтөбе ауылында газ баллоны жарылғандығы туралы жазған болатын. Аталған оқиғаға байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмылдыру дайындығы басқарамасы басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров мән-жайды баяндады.
«23 ақпан күні сағат 16:25 шамасында Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Сансызбаевадан «112 бірыңғай басқару пунктіне» хабарлама келіп түскен. Хабарламаға сәйкес, Қарауылтөбе ауылдық округіндегі тұрғын үйде газ баллоны жарылып, үйдің қабырғасы құлады және үйінділер астында екі адам қалды делінген. Алдын ала мәлімет бойынша газ баллонының жарылуы редуктордың ақауынан болған», - дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров.
Хабарлама келіп түскеннен соң, оқиға орнына Төтенше жағдайлар және авариялық құтқару қызметтерінен жедел топ келіп жеткен. Бұл үйде екі азаматша үйінді астында қалғаны анықталып, дереу құтқару жұмыстары жүргізілген.
«Үйінді астында қалған 1979 жылы туған Сандуғаш Сейдахметова және 1964 жылы туған Балдырған Аймағанбетова. Олардың бірі қазіргі күні жамбас сүйгенің жабық сыну диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Екінші зардап шегуші бірінші және екінші дәрежелі терминалық күйік шалумен ауруханаға жатқызылды. Жинақталған материалдар Төтенше жағдайлар департаменті мен Қызылорда Полиция басқармасына жолданды. Нақты оқиға тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша белгілі болады», - дейді Ерлан Бәкіров.
Айта кетейік, Ерлан Бәкіров осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін де ара-тұра орын алып тұратынын айтты. Ол бұқаралық ақпарат өкілдері арқылы қала тұрғындарына газ баллонын тұтынған жағдайда сақтық шараларын орындауды ескертті.