Павлодар облысында төрт адам иіс тиіп қаза болды
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылындағы жеке үйден 6 ақпанда сағат 21:30 кезінде төрт адам өлі табылған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Олар бір отбасының мүшелері 1979, 1982, 2004 және 2007 жылы туылған жандар екені анықталған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, әйелдің аяғы ауыр болған.
Ұзынбұлақ ауылдық округінің әкімі А.Мұқановтың сөзінше, бұл төрт адам иіс тиіп қайтыс болған.
Баянауыл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шайхин осы отбасында 1999 және 2002 жылдары дүниеге келген екі қыз аудан орталығында оқитынын айтты.
"Олар Баянауыл аграрлық-техникалық колледжінде аспаз мамандығы бойынша білім алып жатыр. Балаларды уақытша үймен қамтамасыз етеміз" деді Шайхин.
Құқық органдары бірнеше адамның қазасына байланысты алдын ала тергеу жұмысын бастады.