«Ең кішісі небәрі үш айлық қана болған». Астана әкімдігінде өрттен қаза тапқан бес баланың отбасы туралы айтылды
Қайтыс болған балалардың анасы пластикалық карта шығаратын зауытта, ал әкесі көлік жөндеу орталығында монтажшы болып жұмыс істейді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша, қайтыс болған балалардың анасы пластикалық карта шығаратын зауытта, ал әкесі көлік жөндеу орталығында монтажшы болып жұмыс істейді. Осы күнге дейін бұл отбасы пәтер алу немесе баспанамен қамтамасыз ету бойынша кезекке тұруға қатысты ешқандай өтініш білдірмеген. Олар жергілікті атқарушы органдардан да көмек сұрамаған. Көп балалы отбасы ретінде жәрдемақы алып отырған», - деді Астана әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева әкімдікте өткен брифингте.
Отбасының ересек балалары 4 және 6-сыныптарда оқыған. 2014 жылы туған бала мемлекеттік балабақшаға барса, біреуі кезекте тұрған. 2016 жылы туған балаға биыл балабақшаға жолдама берілуі тиіс еді. Ең кішісі небәрі үш айлық қана болған.
Баспасөз хатшысының айтуынша, мектеп тарапынан отбасына мемлекеттік және демеушілер тарапынан көмек көрсетілген.
«Мұғалімдердің айтуынша, қаза тапқан балалар сабақтан қалмай, өздерін жақсы жағынан көрсеткен. Отбасы табысы аз адамдар мәртебесінде тұрмайды. Ата-анасы екеуі де жұмыс істеп, табыс табады», - деді ол.
Ол отбасы Астанада 10 жылдан бері тұрып келеді. Қайтыс болған балалардың ата-аналарымен психологтар мен әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істейді.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, бұған дейін Көктал-1 тұрғын алабында өрт пен басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жүргізілген. Қайғылы оқиға болған үйге ТЖ департаментінің қызметкерлері екі рет тиісті ескерту жасап, оларды жою жөнінде нұсқама берген.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің басшылығына жеке сектордағы үйлерге барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысында тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.
Айта кетейік, 4 ақпанда түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Ең кішісі небәрі үш айда болған.