Жалағашта Қызыл кітапқа енген аңдарды атқандар ұсталды
Қызылордалық полицейлер заңсыз аң аулағандарды ұстады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылына қарасты Қазанбай деп аталатын учаскеде «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігін тоқтатып тексеру кезінде 2 бас қарақұйрық, 33 бас құм қояны, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары заттай дәлелдемелер алынды.
«Осыған байланысты күдікті 32- 33 жастағы екі азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жинақталған материал Жалағаш аудандық сотына жолданған. Жалағаш аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігінің 2,4 тармақтарымен сотталушылар Н.Ж. мен Е.Х. екеуі 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылауға алынған», – делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.
Сонымен бірге, сотталушылардан мемлекет пайдасына 8 млн. 729 мың 978 теңге және 3 млн. 284 мың 378 теңге залал өндіруге үкім шығарылған.
Сондай-ақ, осы үкіммен «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігі, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары мемлекет пайдасына тәркіленген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сәйкес, қарақұйрық аңы – жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне және Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.