Қызылордада екі адам көлікпен суға батып кетті
Екі азамат автокөлікпен суға кетті. Бұл оқиға 18 желтоқсан күні орын алған, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Қызылорда қаласының 56 және 45 жастағы тұрғындары Қаракөл елді мекені маңында автокөлікпен суға батып кеткен. Қос азамат тілсіз жаудың құрбаны болды.
Қазіргі таңда «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мамандары іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
«Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек елді мекеніне 60 шақырым жерде мал шаруашылығымен айналысатын 2 азамат мал іздеуге шығып автокөліктермен суға батып кеткені жөнінде хабарлама түсті. Осы күні жедел құтқару жасағынан 6 құтқарушы, 2 бірлік техника, 2 моторлы қайықпен іздестіру жұмыстары жүргізілуде», - дейді «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жасағы» ММ басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетов.
Қазіргі таңда автокөлік судан шығарылып, иелеріне тапсырылған. Ал екі азаматты іздестіру жұмыстары жалғасуда.