Қызылордада қайын атасын өлтірген келінге үкім шықты
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қайын атасын өлтірген әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, отбасылық кикілжіңнен кейін алпыстан асқан қария жәбірленуші келінінің бетінен шапалақпен бір рет ұрып, бөлмеден шығып кеткен. Келін болса ашу ызамен қайын атасының кіре беріс бөлмеде етбетінен ұйықтап жатқанын көріп, қасына барып, арқа тұсынан, яғни, сол жауырын мен омыртқа тұсына қолындағы пышағын екі мәрте тығып алған. Алған дене жарақатынан жәбірленуші ауруханада қайтыс болған.
«Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) кінәлі деп танылып, 8 (сегіз) жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді», – делінген ауданаралық соттың баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.
Одан басқа, сотталушыға жазамен бірге амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалды.