Көлік аударылып, жолаушы көз жұмды
Арал ауданында жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Арал аудандық соты баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Т. есімді аудан тұрғыны осы жылдың 15 маусымында сағат 04:00 шамасында «УАЗ» маркалы автокөлігін масаң күйде басқарған. Соның салдарынан автокөліктің тізгініне ие бола алмай, көлік аударылған. Оқыс оқиғадан көлік ішіндегі жолаушы ауыр соққы алып, оқиға орнында көз жұмған.
Аталған оқиғаға байланысты Арал аудандық сотында жол қозғалысын бұзған айыпталушының ісі қаралды. Сотталушы сотта өзінің айыбын толық мойындады және оның кінәсі толық дәлелденді.
Сот сотталушы Т-ны Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп тапты. Сот отырысында сотталушының бұрын сотты болмағаны, тұрғылықты жерінен берілген жақсы мінездемесіне және өз ісіне өкінетіндігін ескере отырып, оны 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оған қоса, көлік құралын басқару құқығынан 3 жыл мерзімге шеттетілді. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтейді деп белгіленген.
Арал аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, үкім заңды күшіне енбеген.