«ҚАЗПОШТАҒА» ҚАРАҚШЫЛЫҚ ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ
Бүгін Көкшетаудағы «Қазпочта» бөлімшелерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалды. Ақмола облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қарақшылар миллион теңгені алып, ізін суытқан, деп хабарлайды https://baq.kz/ ақпарат агенттігі Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
«Шығын миллион теңгені құрап отыр. Ешкім зардап шекпеді. «Қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті шаралар қолға алынды, оқиға орнында шұғыл топ жұмыс істеп жатыр», - деді полицейлер.
Айта кетейік, «Қазпочта» бөлімшелеріне алғаш рет шабуыл жасалып отырған жоқ. 2015 жылдың 6 мамырында мекеменің Екібастұздағы бөлімшесі тоналды. Ол кезде бетперде киген төрт адам 60 млн теңге алып кеткен еді. Қаскөйлер бір айдан кейін ұсталды, олардан ақшаның жартысы мен қару-жарақ тәркіленді. Қылмыскерлер 7-ден 9 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған.
2015 жылдың 17 тамызында Шардара қаласында «Қазпочта» бөлімшесіне тағы бір қарулы шабуыл жасалды. Үш қылмыскер пошта бөлімшесіне терезе арқылы түсіп, күзетшіні байлап тастап, жарты миллионнан астам теңгені ұрлап кеткен. Тонаушылар үш сағаттан кейін ұсталды. Олардың әрқайсы 11 жылға сотталды.