«ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРІ» ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІ КӨКЕСІМЕН ҚОРҚЫТҚАН
Кеше Алматы маңында болған жол апатының куәгерлері ереже бұзған көліктің соңына түсті. Апатқа себепші болғандар ұсталғанымен де, көліктегі көліктегі бойжеткен өзін Алматы облысы аудандық әкімдігінің қызметкері ретінде таныстырып, зардап шегушілерді балағаттаған. Ол "көкесі" барын айтып, қорқытпақ болыпты. Бұл туралы NUR.KZ порталы patrul.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Volkswagen жүргізушісі мен оның көлігіндегі жолаушы бойжеткен жол апатын жасап, куәгерлерден Талғарға дейін қашыпты. Жолай тағы екі көлікті соққандықтан, зардап шеккен көлік иелері де олардың соңына түседі.
Ақыры бұзақыларды тоқтатқан куәгерлер полицей келгенше, бойжеткен мен жігітке сұрақтар қоя бастайды. Алайда ашушаң ару жауап берудің орнына, зардап шегушілерге балағат сөздер жаудырған.
Бойжеткенді тек полицейлер ғана сабырға шақыра алды. Ол жолаушы ғана болғандықтан, оны медициналық тексеруге әкетпеді. Ал рөлдегі жас жігіт бірден наркологияға жеткізілді.
Алкотестер оның ағзасында 1.48 промилле алкоголь барын анықтады. Алайда бұл құжатқа жігіт қолын қоюдан бас тартыпты. Оның көлігі айппұл тұрағына әкетілді
"Сотқа жетсе де, ештеңе шешілмейді. Мен де ештеңе бермеймін. Біздің заң солай... Бәріміздің де "көкеміз" бар. Соны түсінулеріңіз керек. Өлгенде өз кінәларымызға жауап береміз. Ал "көкесі" бар бұл заманда...", - деп әңгімесін бейәдеп сөздермен аяқтады мас бойжеткен.
Ескерту: видеода бейәдеп сөздер бар.