ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ ҰРЛЫҚ ҮСТІНДЕ ҚОЛҒА ТҮСТІ
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша кеше түңгі сағат 02.00 шамасында Қалалық ішкі істер басқармасының Жедел басқару орталығының кезекші-инспекторы бейнекамера арқылы аумақты шолу барысында орталық алаңда орналасқан шыршаның ойыншықтарын ұрлап алып, жеке автокөлігіне мініп, оқиға орнынан ізін суытпақ болған азаматты байқап қалады. Оқиға басына дереу полиция жасағы жіберіліп, нәтижесінде 1982 жылы туылған қала тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айта кетерлік жайт, Қызылорда облысы орталығында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, орын алған ұрлық қылмыстарын дер кезінде ашу мен жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, заңбұзушылықтарды анықтауда септігін тигізіп келеді. Жалпы облыс орталығында 272 бейнекамера бар болса, олардың барлығы Қызылорда ҚІІБ-нің Жедел басқару орталығына қосылған. Жыл басынан бері аталған бейнекамералардың көмегімен 8 қылмыстың беті ашылып, 1606 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.