КОНГО-ҚЫРЫМ БЕЗГЕГІН ЖҰҚТЫРҒАН АДАМ АУРУХАНАҒА ЖАТҚЫЗЫЛДЫ
Қызылорда облысында конго-қырым қанды безгегін жұқтырды деген күдікпен 64 жастағы Ақарық ауылының тұрғыны Жалағаш аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, деп хабарлады www.24.kz сайты.
Дәрігерлер ер азаматтың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Мамандардың айтуынша, бірінші алынған зертханалық сынамалар теріс нәтиже берген. Дегенмен, нақты диагноз қою үшін қайта тексеруден өтеді. Қазір аурудың ошағы болуы мүмкін ауылда эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. Оразғали Аханов, Жалағаш аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы: - Бүгінгі күндері Ақарық ауылында кене аулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аурудың қазіргі таңда жағдайы ауыр. Дәрігерлер жұмыс жасап жатыр. Емдеу жұмыстары ары қарай жалғауда.