ОБЛЫСТЫҚ ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР- САБАҚ ӨТТІ
Кеше Қызылорда қаласындағы №278 орта мектепте орналасқан қалалық №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде "Ерекше қажеттіліке мұқтаж балаларға жүргізілетін түзету жұмыстарының түрлері, кезеңдері және мамандар қызметінің мазмұны" тақырыбында практикалық семинар-сабақ өткізілді.
Сабақты облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ш.Жүнісова ашып, облыс бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға қоғам тарапынан жасалған көмектер, инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы жұмыстар жайын айтып өтті.
Семинар барысында «Ерекше қажеттілікке мұқтаж балалар үшін ойын әрекетінде түзету-дамытушылықтың тиімділігі» жайлы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті меңгерушісі М.Дәулетиярова топпен практикалық жұмыс көрсетті. Педагог-психолог А.Төребекқызы "Мен және менің көңіл-күйім" атты жеке түзету сабағын, мұғалім-логопед Ж.Оңдалықызы «Тұтықпа» тақырыбында жеке түзету сабағын өтті. Сондай-ақ, тифлопедагог А.Нұрмаханова және логопед, сурдопедагог, дефектологтардың қосымша сабақтары көрсетілді.
Практикалық семинар-сабақ барысында ерекше балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауда мамандардың командалық жұмыстары жүргізілді.
Қалалық білім бөлімінің №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен, Қызылорда қаласының әкімдігі, облыстық білім басқармасы, «Дара» республикалық қайырымдылық қоры және «Қор» Мұнай компаниясымен 4 жақты меморандумы аясында ашылған болатын.
Түзету кабинеті соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізуге қолайлы орта жасалды. Қазір психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барлығы 85 бала түзету жұмыстарын алуда.