МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРГЕ КӘСІБИ БАҒДАР КӨРСЕТІЛДІ
Кеше Қызылордада қаладағы мектеп бітіруші түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру және қажетті мамандықтарды таңдау бойынша «БӘСЕКЕЛІК ҚАБІЛЕТ: КӘСІБИ МАМАН» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Форумның негізгі мақсаты – Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді қала көлемінде кеңінен насихаттау және жүзеге асыру негізінде кәсіптік бағдар беру, кәсіптік мамандарды даярлау бойынша шара қабылдау.
Бірнеше бөлікті қамтыған форум жұмысының бірінші бағыты, орталық аландағы «Bilim fest: «Ұлт табысы - бәсекеге қабілеттілік» атты білім жәрмеңкесінен бастау алды.
Жәрмеңкеде қала мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына қала аймағындағы 3 жоғарғы және 13 арнаулы орта оқу орындарының арнайы танымдық-базасы таныстырылып, оқу орындарының шығармашылық концерттік бағдарламалары көрсетілді.
Форумның екінші кезеңінде, мектеп бітіруші түлектерге Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес аумағы 1 мың 532 гектар болатын Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала тұрғызу жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы таныстырылды.
Жастар форумы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің студенттер сарайында өткен пленарлық мәжілісте қорытыланды.
Сондай-ақ, форум барысында қаладағы мектеп бітіруші түлектердің атынан №3 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Нұржан Пірмағанбет болашақ - 2050 жылғы түлектерге үндеу жасады.
Болашаққа аманат етілген бұл үндеудің көшірмесі, облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.