СЫР ЕЛІНІҢ ЖЫРШЫЛАРЫ АЛМАТЫЛЫҚ КӨРЕРМЕНДІ ТӘНТІ ЕТТІ
Төл тарихын ұлықтап, ұлттық өнерін дәріптейтін халықтың елдігі мәңгілік болмақ. Өйткені, өнер өміршең, тарих мәңгілік. Еліміздің мәдени астанасы Алматыда қызылордалық жыршы-термешілердің дәстүрлі өнер кеші өтті. «Мәңгілік ел –мәңгілік тарих» атты бұл шара Қазақ хандығының 550 және төл өнеріміздің нар тұлғасы Нартай Бекежановтың 125 жылдық мерейтойларына арналды. Сыр сүлейлерінің жалғасы, жыр өзенінің арнасы саналатын жыршы-термешілер Алатаудың бөктеріндегі әсем қаланы Сырдың мақам сазына бөледі. Айтулы шараға жиналған көрермен қатарындабелгілі жырау Алмас Алматов бастаған зиялы топ өкілдері, Нартай Бекежановтың ұрпақтары да бар. Жыр жалауы желбіреген шарада үш жүздің басын біріктіріп, жауға қарсы шауып, сайын далаға салтанат орнатқан Абылай ханның ерлігі дәріптелді. Тұтастықтың туын көтерген хан Абылайдың өмірі мен қайсарлығы арқау болған толғауды жиналған жұртшылық үлкен ықыласпен тыңдады. Ел басына күн туған сын сағатта мың балаға бас болып, жауға тойтарыс берген Ер Сартайдың батылдығы суреттелген толғау орындалды. Зұлматты жылдары жылаған жандарды жырымен жұбатқан Нартай ақынның ән-толғаулары көпшіліктің жігерін жанып, рухын көтерді. Тәнті болған көрермен тарих пен хандықтың мәңгілік болуын тіледі. Осылайша, сүлейлер салған сара жолды жалғап, киелі өнерге бас иген жыршы-термешілер жыр жалауын желбіретіп, мақам сазын мөлдіретіп, алматылық көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.