Қызылордада «Текті сөздің төресі — терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада «Текті сөздің төресі — терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті.
Байқау ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағы» РҚБ ұйымдастыруымен өткізілді.
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен сайысқа республиканың 14 облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласынан 17 өтініш түсіп, іс жүзінде 13 үміткер өнер көрсетті.
Іс-шараны «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағы» РҚБ Басқарма төрағасы Жүрсін Ерман мен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов сөз сөйлеп ашып берді.
ҚР Халық әртісі Қ.Бекбосынов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы Е.Шалдыбеков, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Б.Шойбеков, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», өнертанушы Е.Қайназар, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері М.Ниязов қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде — Елбол Қуанбекке (Алматы облысы) бұйырды. І-орын АйданаШынболатқа (Шымкент), екі ІІ-орындар Мұхамедәлі Бекпейісов (Қызылорда) және Таңнұр Әлбосынға (Көкшетау) бұйырды. Үшінші орын Гүлбағым Қайыржанова (Алматы) мен Салтанат Қисатоваға (Павлодар) тиесілі болды.
Жүлдегерлер мен қатысушылар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дипломымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.