Абайдың 175 жылдық мерейтойы қаңтар айында елордада ресми түрде ашылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 2020 жылдың 8 қаңтарында елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтеді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдымызда келе жатқан 2020 жыл еліміз үшін ерекше рухани оқиғалар кезеңіне айналғалы отыр. Халқымыздың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен дала данышпаны, адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту біздің елдігімізді, егемендігімізді, еңселі мемлекеттігімізді айшықтайтын болады. Ұлыларымызды ұлықтап, даналарымызды төрге оздыру – халқымыздың мерейін үстем ететін игілікті дәст үр. Біз осы ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден өркениеттің, білім мен ғылымның, әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге жан-жақты паш ететін боламыз. Сондықтан бұл мерейтойлар бәріміз үшін әрине үлкен сын, тарихи жауапкершілік», - деді Мемлекеттік хатшы Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында.
Осы орайда, ол мерейтойларды дайындау және өткізу жөніндегі екі комиссияның жұмысы мазмұндық жағынан сәйкес келгендіктен және уақытты тиімді пайдалану мақсатында бірге өткізіліп отырғандығын ескертті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бүгінгі бас қосуымызда 2020 жылы осы екі мерейтойды өткізудің жалпы республикалық жоспарларын бекітіуіміз керек. Жоспарлардың жобасы жергілікті және орталық атқарушы органдарында, Үкіметте және Президент Әкімшілігінде алдын ала талқыланды», -деді ол.
Отырыстың бірінші бөлігінде Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу және дайындау мәселелері талқыланды.
«Хакім Абайды ұлықтауға бағытталған іс-шаралардың бастауы алдағы жылдың 8 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан» орталық концерт залында салтанатты шарамен ашу ұсынылып отыр. Сондай-ақ, негізгі мерейтойлық шаралар Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті Семей өңірінде аталып өтілмек. Осы және өзге де іргелі іс-шаралар жалпы республикалық жоспарының жобасында қарастырылған», - деді Қырымбек Көшербаев.