Мырзатай Жолдасбеков «Қорқыт ата кітабын» қазақ тіліне түпнұсқадан аударды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен танымал ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің "Ұлы Дала әдебиеті" кітабы мен түпнұсқадан аударған "Қорқыт Ата кітабы" кітаптарының таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді, Түркия Елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан Елшісі Рашад Мамедов, Қырғызстан елшісі Жээнбек Кулубаев, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және Сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары, Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Серікбай қажы Ораз, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, бірқатар БАҚ басшылары қатысты.
Айта кету керек, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен "Ұлы Даланың жеті қыры" мақаласында айтылған тапсырмаларды айқындай түсетін аталған екі басылым да түркология саласына қосылған бағалы еңбектер саналады.
"Атап айтқанда, "Ұлы Дала әдебиеті" кітабына Мырзатай Жолдасбековтың саналы ғұмырын арнаған жүйелі зерттеу еңбектері топтастырылған. Ал "Қорқыт ата кітабы" еңбегінде автор кітаптың әйгілі Дрезден нұсқасын тұңғыш рет қазақ тіліне түпнұсқадан толық аударып, транскрипциясы мен сөздігін қоса ұсынып отыр"- дейді Дархан Қыдырәлі.