Жастар бастамасымен қайырымдылық концерт өтті (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке» қайырымдылық концерті болып өтті.
«Жаңғыру жолы» жастар қанатының бастамасымен өткізілген шараның мақсаты жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім сақтай отырып, жас ұрпақтың бойына патриотизм сезімін ұялату.
Қайырымдылық концертте облыстық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, «Болашақ» университетінің өнерпаздары өнер көрсетті. Көрермендер неміс этномәдени бірлестігінің «Адажио» шоу және татар этномәдени бірлестігінің мың бұрылған бишілерінің өнеріне тәнті болды. «Славяне» этномәдени бірлестігінің әсем дауысты әншілері Виктория Миклина, Никита Мясцов, «Сударушки» вокалды тобына қошеметтерін аямады.
Шарада облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ильдар Гафуров, «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков, Саратов облысынан келген П.А.Столыпин атындағы Поволжский басқару институтының профессоры А.Неверов сөз сөйлеп, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі, «Славяне» этномәдени бірлестігінің мүшесі Костантин Луцаға арнайы Алғыс хатын ұсынды.
Сонымен бірге, шараға белсенді қатысқандар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Алғыс хаттарымен марапатталды.