Қызылордада жас ақындар мүшәйрасы басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының ғимаратында жастар жылына орай «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының ашылу салтанаты өтті.
Мүшәйраны ұйымдастыруға ұйытқы болған Қызылорда облысы әкімдігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті.
Байқаудың мақсаты – жастардың бойына адалдық, сенім, парасаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, отансүйгіштікті кеңінен насихаттау.
Жарысқа 14 пен 29 жас аралығындағы барлық шығармашыл, жазба ақындар қатыса алады.
Сонымен қатар, тартысты доданың талаптарына сәйкес, мәселені жете қабылдап түсінуі және тақырыпты толық ашуы керек. Талапкер ұсынған шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлеп оқи білуі қажет. Сондай-ақ, өлеңдердің көлемі 15 шумақтан аспауы да талап етілген.
Өлеңдер 25 қазанға дейін қабылданып, ашық түрде әділқазылар алқасының сараптамасынан өтеді. Жеңімпаз деп танылған ақындар 30 қазан күні Жастар орталығында өткізілетін әдеби кешке арнайы шақырылады. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылары алқасының қорытындысы бойынша диплом, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.