Қармақшылық жас жыршылар Әзірбайжаннан жүлделі оралды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында өткен дəстүрлі орындаушылардың халықаралық фестивалінде қызылордалық жас жыршылар жүлделі болды.
Ағымдағы жылдың 7-9 қазан күндері өткізілген халықаралық фестивальге дүниежүзінің 9 елінен 15 өнерпаз қатысты. Қызылордалық Шұғыла Мархаба мен Арай Оңғарқызы Қазақстанның намысын қорғады. Қос өнерпаз Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде тәлім алған.
Халықаралық фестивальде Шұғыла Мархаба үшінші орын алса, Арай Оңғарқызы арнайы дипломмен марапатталды. Жас өнерпаздарды аталмыш шараға Зәуре Кәрібаева мен Дінислам Тоқсанбаев дайындап алып барды.
Қармақшы ауданында Жыраулар үйі жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу бағытында игілікті істерді жүзеге асырып отыр. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аталмыш өнер ордасында өнегелі істер лайықты жалғасын тауып келеді.