Қармақшылық жас жыршылар Бакудегі халықаралық фестивальге қатысуда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әзербайжан астанасы Баку қаласында 7-9 қазан күндері өтетін түркітілдес елдердің дəстүрлі өнерін насихаттау мақсатындағы халықаралық фестивальге қызылордалық өнерпаздар қатысып жатыр.
Сыр өңірінде дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. Осының нәтижесінде Қармақшы ауданында Жыраулар үйі жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу бағытында игілікті істерді жүзеге асырып отыр. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аталмыш өнер ордасында өнегелі істер лайықты жалғасын тапқан. Жыраулар үйінде өздерінің өнерін өрістете түскен өрендер сан алуан сайыстарда алдыңғы орындардан көрініп жүр.
Әзербайжан жерінде өтетін халықаралық фестивальге Жыраулар үйінің директоры, жырау Амандық Бүрлібаев қазылар алқасының құрамына арнайы шақырылған. Ал жас жыршылар Шұғыла Мархабатова мен Арай Оңғарқызы үлкен додада бақ сынап жатыр.