Биыл отандық 43 телехикая эфирге шығады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Отандық сериалдар ақпараттық қауіпсіздігімізді нығайта түседі. Бұл туралы Astana Media Week-тің сериалдық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбына арналған жалпы отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Медиа саласындағы азаматтар мұны жақсы біледі. Сонда да айтып өтейін, телесериалдар бюджет есебінен қаржыландырылады. Жалпы, 2016 жылы мемлекеттік тапсырыспен 16 сериал түсірілді. Осы жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай артты. Мысалы, биыл 43 телехикая эфирге шығады деп жоспарланып отыр. Үш есе өскен. Алайда біз мемлекеттік телеарналарға ғана емес, жекеменшік арналарға да көп көңіл бөлеміз», - деді ол.
Мәселен, министрдің дерегінше, коммерциялық телеарналар 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 47 сериал түсірген.
«Алайда, біз сериалдардың санына ғана емес сапасына да мән береміз. Сан артқан жерде шығармашылық бәсекеге де жол ашылады. Оны білесіздер. Осылайша, сериалдар индустриясын қалыптастырудағы мүмкіндік пайда болады. Бұрын біз отандық сериалдарды аз дедік. Енді түсірілген сериалдарды сыртқа сатуды бастадық. Мысалы көршілес мемлекеттерге, 15 отандық сериалға 9 елге лицензиялық құқықтар берілді. Бұл жұмысты одан ары жалғастырамыз», - деді Дәурен Абаев.
Оның атап өтуінше, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі коммерциялық телеарналармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруді қолға алмақ. сметалық-жобалық форматы қарастырылып жатыр. Халықаралық тәжірибе де назарға алынатын болады.
«Мұның барлығын медиа нарықпен ақылдаса отырып шешетін боламыз. Қорыта айтқанда, отандық сериал нарығы дамып жатыр. Шығармашылық топтар қалыптасты. Шеберліктері шыңдалып келеді. Түбінде бұл қалай десек те біздің ақпараттық қауіпсіздігімізге оң әсерін тигізетіндігі анық», - деді министр.