Бүлдіршіндер сынға түсті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Балапан жұлдыз» атты аудандық байқау өтті.
Байқауға ауданға қарасты балабақшалардан өнерлі тәрбиеленушілер қатысты.
Бала шығармашылығын дамыту, өнерге жақын талантты бүлдіршіндерді үлкен байқауларға қатысуына жол ашу мақсатында ұйымдастырылған шара үш кезеңнен тұрды. Балабақша тәрбиеленушілері бірінші кезеңде «Мен елімнің мақтанышымын» тақырыбында өздерін таныстырса, екінші кезеңде «Мен елімді сүйемін» атты патриоттық әндерді орындады. Ал соңғы кезең бойынша «Мен жұлдыз боламын» тақырыбында танымал өнер иелеріне пародия жасады.
Байқау нәтижесінде аудандық «Жас қанат» балабақшасының бүлдіршіндері Нұрай Темірбек бас жүлдені иеленсе, Кәусар Ержанқызына «Сахна еркесі» номинациясы табысталды. Белсенді балалардың топ ішінен үздік шығуына еңбек сіңірген балабақша әдіскері Меруерт Қайратқызы, жетекшілері Жансая Нұрғали, Жадыра Доларестің еңбегін ерекше атап өтуге болады.