Қызылордада халықаралық симпозиумның жұмысы қорытындыланды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында халықаралық симпозиумның жұмысы қорытындыланды. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, бейнелеу өнерінің майталмандарына шығармашылық табыс тіледі.
Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттері мен Қазақстанның барлық өңірінен қылқалам шеберлері келген симпозиумға көршілес өзбек елінен Дилорам Мамедова да келді. Сыр табиғатына тамсанған талантты жан мұнда салған картиналарының керемет шыққанына қуанышты. Болашақта мұндай әріптестік жандана түссе дейді.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың атын иемденген галереядағы көрмеге ҚР Суретшілер одағынан 18 сурет әкелінген. Бұл бастаманың басы-қасында одақтың жауапты хатшысы Жамбыл Нәтбаев жүрді.
Айта кетейік, бұған дейін 500-ге тарта картинасы бар галерея қорына симпозиумнан соң 200 жұмыс қосылыпты. Бұл көрермен көрер сапалы дүниелердің көбейгені мен қолжетімдігін көрсетеді.