Қармақшыда облыстық жас ақындар аламаны өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қармақшыда жастар жылы аясында Сыр сүлейі Дүр Оңғар Дырқайұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Ерлерім сөйле дегесін» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Жас ақындар айтысына айдынды Аралдан бастап, қарт Қаратауға дейінгі аймақтан 10 жас ақындар қатыстырылып, сөз маржанымен айтыстың сан қырлы бояуын қанықтырып, үздік өнер көрсетті.
Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Сандыбай Піржан /Қызылорда қаласы/, І орынды Айқын Төлеген /Шиелі ауданы/, ІІ орынды Бағдаулет Әділбаев /Қызылорда қаласы/, ІІІ орынды Еркебұлан Серіков /Қармақшы ауданы/ иеленді.
Сонымен бірге белсенді қатысқан айтыскер ақындарға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды.
Қасиетті Қармақшы өлкесіндегі жыр додасында киелі сөздің үздік үлгілерін танытқан жас ақындарымыз тыңдарманның көңілін жауһар жырымен сусындатты.