"Парасатты поэзия" халықаралық фестивалі Қазалыда жалғасты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы және ақын, сыншы, аудармашы Жарасқан Әбдірашұлының шығармашылығына арналған "Парасатты поэзия" халықаралық фестивалі Қазалы ауданында жалғасты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев акімдік ғимаратының мәжіліс залында ақындарды қабылдады.
Жиын барысында еліміздің республикаға танымал ақындары мен Татарстан Республикасынан ақын, жазушы Рустем Галиуллин, Қырғызстан Республикасынан ақын, аудармашы Қарбалас Бакиров, режиссёр, суретші, сценарист, Ж.Әбдірашұлының ұлы Рүстем Әбдіраш қатысты.
«Бүгін міне, Татарстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің әр түкпірінен жиналған ақындар Өздерінің шартарапқа жайылған әуезді әнімен, нақышты жырымен ортамызға келіп отыр. Баршаңызға қазыналы Қазалы өңіріне қош келдіңіздер демекпін. Үлкен көлемдегі өнер кешінің өткізілуі – туған өлкеміздің рухани өміріндегі үлкен жаңалықтың бірі» - деді аудан әкімі.
Мұнан соң ақын Шахизада Әбдікәрімов, Ақтөбе облысынан келген ақын, журналист Мейірхан Ақдәулет, белгілі режиссер Рүстем Әбдіраш сөз алып, Қазалы жұртшылығына алғыстарын білдірді. Ақын қонақтар қазақ ақындарының қырғыз тіліне аударылған «Улуу талаа үнү» («Ұлы дала үні») атты кітап пен Ж.Әбдірашұлының «Сен ізде мені...», «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітаптарын сыйға тартты.
Шығармашылық топтың жұмыстарына сәттілік тілеген аудан басшысы қонақтарға Қазалы ауданының кәдесыйын тарту етті.