Қызылордалық зияткерлер қазақ әндерін жаңғыртуда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жыл бойына жүргізілген «Қазақтың 100 әні» жобасы сәтті аяқталып, оқушылар арасында халық және тәрбиелік мәні зор фольклорлық әндер насихатталды. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған жоба оқушыларды қазақ күйлері мен ұлттық әндерімен сусындатып, тәрбиелеуге бағытталған. 2018-2019 оқу жылының басында жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс жоспары әзірленіп, қазақ әндерінің тізімі жасақталды. Сол тізім бойынша Зияткерлік мектептің «Шаңырақ» қауымдастығы әр апта сайын дүйсенбілік сап түзеу жиынында қазақ әуендерді шырқады. Әннің тарихы мен мазмұнын театрландырылған қойылымдар арқылы суреттеген оқушылар көрермендерді қазақ әндер жиынтығымен таныстыра отырып, еліміздің мәдени мұраның сақталуына өзіндік ықпалын тигізді.
Ұмыт болып бара жатқан әндерді қайта жаңғыртуға бағытталған жоба аясында зияткер оқушылар «Көзіңнің мөлдірін-ай», «16 қыз», «Жайдарман» халық әндері мен «Туған өлке», «Бақыт құшағында», «Құстар әні», «Бәрінен де сен сұлу», «Өз елім», «Жерім менің», «Қазақ осы», «Туған жер», «Туған елім», «Анашым», «Балқадиша», «Куә бол», «Ақ көгершін», «Армандастар», «Алтыным менің» секілді ғасырлық тарихы бар шығармаларды орындады.
«Жыл бойына шырқалған әндер бойынша арнайы анықтамалық және әндер жинағы әзірленді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды жалпы білім беретін мектептерде әдістемелік құрал ретінде тарату жоспарда бар», - дейді жоба координаторы Айгерім Маханова.
Айта кету керек, «Қазақтың 100 әні» жобасының маңыздылығы білім, ғылым, мәдениет мәселелері жөніндегі біріккен ұлттар ұйымы тарапынан мойындалды. “Almaty Youth Space” жастар фестивалі аясында өткен шығармашылық байқауында бұл жоба “Музыка – біздің мұрамыз“ номинациясы бойынша үздік болып танылды.