«Тақтар ойыны» сериалы қазақстандық көрермен санасына қалай әсер етті?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Тақтар ойыны» сериалының шешуші маусымы аяқталды.
Көрерменнің көзайымына айналған, экран алдына көпшілікті жинаған туынды әлем назарына іліккені жасырын емес. Оның ішінде қазақстандық көрермендер әрбір маусымын асыға күтіп, аяқтала салысымен жарысып әлеуметтік желіге жазып жатыр. Жағымды пікірлер толастар емес. Тіпті ел ішінде балаларына сериалдың басты кейіпкерлерінің есімін бергендер де аз емес. Мәселен, 25 сәбиге Джонның есімі берілсе, Арья атты 23 қыз бала бар. Ал 3 бала Дейнеристің атын алып жүр. Айтпақшы, сәуірдің 26 жұлдызында қарағандылық жұп жаңа туған нәрестеге Дейнерис деп ат қойды. Айтуларынша бұл танымал есімді бірнеше жыл бойы қойғысы келіп жүрген. Желі қолданушылары бірі жақтап, енді бірі даттап жатты. Анасы болса, оған аса назар аударғысы жоқ. Керісінше, жеке өміріне араласпаған жөн дегенді алға тартты.
«Бұл есімді алғаш естігенде жұбайым екеуміз бірден ұнаттық. Әсте көбінің аузындағы танымал сериал және белгілі кейіпкер болғандықтан емес. Себеп біреу - құлаққа жағымды әрі әдемі есім. Әуеліде туыстарымыз оң көзқарас танытпады. Алайда нәресте шыр етіп дүниеге келгенде ол ой екінші орынға ойысты. Босану сәл ауырлық тудырғаны рас. Мен үшін бастысы - ол аман сау. Қазір оның дұрыс өсіп-жетілуі маңызды. Оның болашағы жайлы әлі ойланып көрмедім», - дейді Дейнеристің анасы Римма.
Тақтар ойыны кейіпкерлерінің есімі бөлтіріктерге де берілді. Олардың видеосын браконьерлер әлеуметтік желіге салып, сатылымға қойған. Абырой болғанда, жануарлар дүниесін қорғау мамандары Лето, Нимерия, Леди, Призрак пен Серый Ветер атты бөлтіріктерді Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданында тапқан.
«Бөлтіріктердің жағдайы жақсы. Бүгінде олар аңшылық шаруашылықта бақылауда. Жалпы бөлтіріктердің тағдыры сериалдағымен ұқсас. Қазіргі таңда біз сот шешімін күтіп жатырмыз», - дейді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет.
Жалпы көпшілікті телеэкранға телмірткен телесериалдың көп елдерде фан клубтары бар. Біздің елде ресми қолдау тобын әзір байқамадық. Десе де, жанкүйерлер жетіп артылады. Олар шешуші маусымның шарықтау шегі басқаша аяқталу керек еді деп пікір қалдырды.
«Тақтар ойыны» сериалының шыққанына 8 жылдай уақыт өтті. Міне, кеше эпикалық сериалдың соңғы сериясы аяқталып, жанкүйерлер үшін бір жақсы туындының дәуірі аяқталды десем де болады. Бұл мен білетін барша әлем болып көрген алғашқы сериал деп ойлаймын. Себебі, арнайы эффектілер мен сценарий, актерлер келбеті, оқиға желісі бірігіп, тұтас бір шедеврді құраған болатын. Шынымды айтсам, соңғы сериядан көп нәрсе күттім. Әр бөлімі аяқталған соң сан түрлі сезімге бой алдыратын туындының соңғы нүктесі әдемі қойылу керек еді. Алайда, барлығын саралап, салқынқанды түрде таразыға салса, авторлар ең дана шешіммен аяқтады. Бұндай туындыны енді көруге бұйырар ма екен, кім біледі», - дейді көрермен Аягөз Құрмаш.