Нартай шығармашылығы насихатталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында Нартай өнер мектебінің ұйымдастыруымен облыстық «Нартай оқулары» байқауы өтті. Байқауға Жалағаш, Сырдария, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарынан және Қызылорда қаласынан келген 50-ге жуық талапкер қатысты. Облыстық өнер байқауы 2 бағыт бойынша жүзеге асты. Олар Нартай өлеңдерін жатқа оқу және әндерін мақам саз қолдану арқылы орындау.
Үш сағатқа созылған байқау өте әсерлі әрі тартысты өтті. Бірінен бірі қалыспай, кіл мықтылар жиналған жарыста Жалағаш ауданынан келген қатысушы Нартай бабамыздың 38 өлеңін жаттаған Рәбия Қодар бас жүлдені жеңіп алды.
Байқаудың қорытындысы бойынша І орын Сырдария ауданынан келген Қызғалдақ Толыбековаға, ІІ орын Қазалы ауданының қатысушысы Ақбота Қарлаңбайға бұйырса, ІІІ орынды Шиелі ауданының қатысушысы Нұрсила Абдуллаева иемденді. Сонымен қатар, ақын өлеңдерін жатқа оқудан үздік өнер көрсетіп, ерекше көзге түскен Жалағаш ауданының қатысушысы Ғайникамал Қалдыбай арнайы жүлдемен марапатталды.
Екінші бағыт Нартай әндерін орындау¬да ән терме жанры бойынша Қызылорда қаласынан келген қатысушылар Бекзатхан Әбдімәжитов бас жүлдені, Ақбота Жәку І орынды жеңіп алса, ІІ орын Шиелі ауданының әнші-термешісі Ерқанат Махмұт, ІІІ орын Шиелі ауданының қатысушылары Сымбат Үсен мен Дидар Сүгірәлиевтерге бұйырды. Барлық қатысушыларға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табысталды. Байқау соңында әділқазылар жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқауға өз алғыстарын айтып, бұл жарыс жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналсын деген ұсыныстарын жеткізді.