Қызғалдақ – өркениет куәсі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жыл толуына орай, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен білім басқармасының қолдауымен жуырда Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылында «Қызғалдақ – өркениет куәсі» атты өнер фестивалі өтті.
Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарламаны жаңа мазмұнда жүзеге асыруда Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында бірнеше жобаларды ұсынған болатын. Солардың бірі – қызғалдақ.
Ғалымдардың зерттеуінше, қазіргі Еуропа елдерінде өсетін қызғалдақтың түп тамыры Қазақстанда жатыр. Өйткені қызғалдақтың жаңа түрін шығару үшін оған аталық пиязығы қажет екен. Шетелдік ғалымдар оны қазақ жерінен әкетеді. Қызғалдақ аз ғана уақытта гүлдейтін, тау бөктері мен жазық далада өседі. Оның түрлі-түсті бояулары мен әсемдігі басқа гүлдерге ұқсамайды. Тіпті қызғалдақтың атауы мен оның осындай ерекшеліктеріне байланысты қазақ халқында бірнеше аңыз әңгімелер бүгінге дейін сақталған. Сұлулық пен нәзіктіктің символына айналған гүл қазақ халқының ұлттық киімдеріне салынған. Қазірдің өзінде заманауи үлгідегі киімдерде қызғалдақтың қанық суреттері жиі кездеседі.
Қызғалдақ фестивалі оқушылардың өлке тарихына, мәдениетіне және табиғатына деген танымдық қызығушылықтарын арттыруды, тарихи сананы жаңғыртуды көздейді. Фестивальге барлық ауданнан 40-тан астам оқушы қатысты. Олар 5 бағыт бойынша бақ сынасты. Атап айтар болсақ, «Қызғалдақ – түркі мәдениетінің әсем өрнегі» қолөнер, «Өсімдік әлемінің жауһары – қызғалдақ» ғылыми жобалар, «Өмір гүлмен көркем» мәнерлеп оқу, «Қызғалдақ – көктем» ән орындау, «Қызғалдақ және дала» сурет салу номинациялары бойынша шығармашылық ізденісі мен өнерін көрсетті. Әрбір бағытты кәсіби мамандар сарапқа салды. Қатысушылар қызғалдаққа қатысты көптеген тың деректер мен зерттеулер ұсынып, бала қиялынан туындаған қолөнер бұйымдарын көрсетті. Мәселен, пластмасса бөтелкелерінен гүлдер жасау, жаңа технологиямен гобелен тоқыған мектеп оқушыларының ізденісі қазылар алқасын тәнті етті.
Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Мәди Бекмағанбетов: «Қарт Қаратау бөктерінде ұйымдастырылған бүгінгі шара жас ұрпаққа өз өлкесін тануына көп септігін тигізері сөзсіз. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қызғалдақтың отаны біздің дала екенін ашып айтқан. Сондай-ақ, қазақ жерінде сақталған 35 түрін ерекше атады. Осының өзі жас ұрпаққа ерекше рух береді. Қызғалдақ фестивалі табиғат аясында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Біз оқушылардың білімін, бәсекелік қабілетін, санасын ашық етіп тәрбиелейміз десек, оларды табиғатпен етене жақын байланыстыра білуіміз қажет. Фестиваль балаларға туған жер жайлы ой түйіп, шығармашылық шабыт берді деген ойдамын», – деді өз сөзінде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізгі алты бағыт бойынша іске асырылуда. Біз 30 озық елдің қатарына ену үшін бәсекелік қабілетімізді арттыруымыз қажет. Білімді азамат қана бәсекеге қабілетті. Олай дейтініміз, «бүгінгі күн – сөз емес, ой таласының, білектің емес, білімдінің заманы». Ғылыми жоба сайысына қатысқан Жалағаш ауданы №123 мектеп оқушысы Құралай Аймұратқызы үй жағдайында қызғалдақ өсірудің жаңа әдістерін ізденсе, №101 мектептің оқушысы Айзат Кенжеғарақызы қызғалдақтың түрлі сұрыптары мен олардың емдік қасиеттерін зерттеген. Жаңақорған ауданы №55 мектеп оқушысы Жәния Мұратқызы «Қызғалдақ» кешкі көйлегін тіксе, №239 мектеп оқушысы Еңлік Әбсемет ерекше қолөнер бұйымдарымен ерекше көзге түсті. Қызғалдақ бейнесі ежелгі сақ тайпаларының әшекей бұйымдарында кездесетінін ескерсек, жас ұрпақтың шығармашылық ізденісінен тарихи, рухани байланысты аңғардық.
Фестивалдің ұйымдастыру жұмыстарына тікелей жауапты №180 орта мектеп ұжымы жоғары деңгейде белсенділіктерін байқатты. Мектеп директоры Шолпан Оспанова өз сөзінде «қызғалдақ феноменін жас ұрпаққа насихаттау, ішкі туризмді дамыту, оқушылардың бәсекелік қабілетін арттыру» ден қойғанын жеткізді. Сондай-ақ, шараға қатысушы оқушылар тау бөктерінде атпен серуендеп, бүркіт баптаудың сырына қанықты. Олардың ерекше шаттанған жүздерінен табиғатқа, сұлулыққа деген құштарлықты көрдік.
«Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова: «Бүгінгі күннің идеологиялық құжатына айналған бағдарламадағы бағыттарды іске асыруға баршамыз үлес қосуға тиіспіз.
Елбасы тапсырмасымен іске асырылып жатқан бағдарлама аясында ағымдағы жылы «Өлкетану» оқулығы жарық көрді. Егер біз шын мәнінде өзі елін, жерін сүйетін патриот тәрбиелейміз десек, ең алдымен оқушыларға туған жердің тарихы мен мәдениеті жайлы білім берілу керек. Бүгінгі фестиваль жас ұрпақтың бәсекелік қабілеті мен білімін дамытуға бағытталып отыр. Яғни әрбір қатысушы қызғалдақ туралы білімін толықтырды, тың мәліметтер іздестірді. Сонымен бірге шығармашылық қабілеттерін ізденіс арқылы арттырды. Олар ерекше туынды жасау үшін тың тәсілдер іздеген. Бізді балалардың талпынысы қуантты», – дейді.
Қоғамдық және тарихи сананы жаңғырту көп уақытты қажет етеді. Оның үстіне көптің ойына өзгеріс енгізу үшін жалт-жұлт еткен мейрам емес, тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор жиындардың орны ерекше. Сондықтан да бағдарлама аясында өткізілетін шаралардың мазмұны мен форматына көңіл бөлу аса маңызды. Фестивалге қатысушылардың бірі «мені сахнаға шығып өлең оқу емес, тау бөктерінің ғажап табиғаты толқытты» десе, тағы бірі «біздің өңірде осындай керемет табиғат бар екеніне шын қуанып тұрмын» дейді. Демек «Қызғалдақ – өркениет куәсі» фестивалі жастарға ой салып, өлке тарихын табиғат аясында таныстыра алды. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басты мақсаты да осы.
Гүлмира Әшірбекова,
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру»
орталығының бөлім басшысы