Қызылордада «Жырласа жастар жырласын» республикалық жыр кеші өткізілді
Қызылордада «Жырласа жастар жырласын» атауымен республикалық дәстүрлі ән мен жыр кеші өткізілді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Жыр кешіне Сыр өңірі өнерпаздарымен бірге Жетісу, Қостанай, Орал, Павлодар аймақтарынан белгілі әншілер қатысты. Атап айтар болсақ, Мақпал Тоқтағанова, Алпысбек Оңайбайұлы, Салтаната Қизатова сынды әншілер бар. Ал көпшілік алдында ән мен жырдан шашу шашқан жергілікті өнерпаздар Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Еркебұлан Шыңжанов, Бейсембек Төлеубай, Әділхан Қуаңбаев, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәли Бекпейісов, Қуаныш Алғазиев, Жарасхан Төлебай, Зульфия Баймырзаева және Амандық Жаппарбердиев халық қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, жұртшылық алдында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі ән-терме бөлімінде тәлім алып жүрген дарынды өрендер өнер көрсетті.
Бұл іс-шараны ұйымдастыруға жастардың өзі ұйытқы болған. Белгілі жас жыраулар Марат Сүгірбай мен Күнсұлу Түрікпен дәстүрлі ән мен жыр кешін ұйымдастыруға ұйытқы болған.
Жас жыраулардың айтуынша, өнер додасы Тұңғыш Президент - Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында қолға алынып отыр.
«Аталмыш шара биылғы Жастар жылына да арналған. Мақсатымыз - дәстүрлі ән, жыр, термені тыңдарманға жаңа сипатта ұсыну. Осылайша өсиет пен өнегеге толы текті сөздің төресі ұлықтауға жол ашылды», - деді олар.