Қызылордадағы Қарақаттың мектебінде Наурыз мейрамы тойланды
Бұған дейін oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі танымал әнші Қарақат Әбілдинаның «Қарақат мектеп-студиясы» Қызылорда қаласынан да ашылғанын жазған болатын.
Өнер мектебі алғашқы шәкірттерін қабылдап, жұмысын бастап кетті. Бүгінде 50-ден астам баланы бір шаңырақ астына жинап өнердің барлық түріне баулып жатыр.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында өнер мектебінің алғашқы мерекелік концерті өтті. Оған oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігінің тілшілері қонақ ретінде шақырылып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалып қайтты.
«Өнерлі жұп он жыл бұрын «Қарақат мектеп-студиясын» құрып, бүлдіршіндерді ұлттық өнерге дәріптеп келеді. Қазақтың біраз жылдар бойы ұмытылып қалған «жетіген» аспабын сахнаға алғаш Қарақат Әбілдина алып шыққан болатын. Міне осы аспапты біздің мектебімізде де қайта түлетіп жатырмыз. Мектепке бала қабылдап, жұмыс істеп жатқанымызға 1 айдан асты. Алдағы бір-бір жарым айда салтанатты ашылуы өтеді. Оған Қарақат пен Қыдырәлі арнайы келіп қатысатын болады. Алға қойған жоспарымыз өте көп. Мектептің шәкірттерін түрлі байқаулар мен конкурстарға қатыстырып, алған білімдерін шыңдау мақсатында жұмыс атқаратын боламыз», - дейді мектептің Қызылордадағы директоры Алтынай Жүсіпова.
Ашылғанына бір ай болған Қарақаттың мектебі балаларды өнердің барлық түріне баулиды. Атап айтар болсақ, мұнда вокал, би, актерлік шеберлік, домбыра, жетіген және гитара үйірмелері бар. «Қарақат мектеп-студиясы» үйірмелерінің бағасы халыққа қолжетімді.