Түктібаев ауылында жас ақындар айтысы өтті
Қазалы ауданы Ү.Түктібаев ауылында «Жастар дінді жырлайды» атты жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Дүлдүлдер сөз сайысына Жастар жылы басты арқау болды. Айтысқа 12 ақын, 6 жұп қатысты.
Бас жүлде Қожабақы ауылының 11-сынып оқушысы Тоқтарбек Амангелдіге бұйырды. Бірінші орынға 11-сынып оқушысы Бекзат Әбдіхан лайық деп танылса, екінші орынды 10-сынып оқушысы Бекзат Серіков иемденді. Ал үшінші орынға 7-сынып оқушысы Өміртай Есебай алды. Үшеуі де Майдакөл ауылының өрендері.
Сондай-ақ айтыстың ең жас ақыны ретінде «Көрермен көзайымы» бағамына ие болған 5-сынып оқушысы Жанұзақ Серіковке қаржылай сый-сияпат табыс етілді. Айтысқа қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды.
Осындай аламан айтысқа Орынбет ишан мешітінің имамы Ізәт Ғабдулла ұйытқы болды. Ал айтыстың өз деңгейінде өтуіне осы ауылдан түлеп ұшқан азамат, бұл күнде Қызылорда қаласында тұратын жеке кәсіпкер Жетес Ыдырысұлы демеушілік жасады.