Қызылорданың бұрымды аруы анықталды
"Бұрымды ару-2019" облыстық телевизиялық байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Жастар жылына орайластырылған байқау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен облыстық «Қызылорда» телеарнасының ұйымдастыруымен өткізілді.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов байқауды ашып, талапкерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, байқау барысында шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар демеушілерге шаһар басшысы Н.Нәлібаевтың алғыс хатын тапсырды.
Байқаудың бас жүлдесі М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжінің студенті Ақмаржан Орманға бұйырды. Ал, 1-орынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті Таубай Аружан жеңіп алды. Ақмешіт институтының 3 курс студенті Серік Аружан 2 орынды алса, Шиелі ауданынан қатысқан Ғани Ұлту жүлделі 3 орынды қанағат тұтты. 6 талапкер арнайы номинациялармен марапатталды.
Барлық байқауға қатысушыларға бағалы сыйлықтар тапсырылып, сонымен қатар, байқаудың жекелеген демеушілері тарапынан да аруларға сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, байқаудың бас демеуші - «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы.