Сыр бойында "Дәстүрлі өнер академиясы" ашылмақ
Жырау Алмас Алматовты бала кезімнен танимын. Әміреден кейінгі Парижде ән салған Қызылордалық болғанына бала көңілмен мәз болатынбыз. Кейінірек Құрманғазы атындағы консерваториядан «Халық әні» кафедрасын ашушылардың бірі және алғашқы меңгерушісі болғанын көзімізбен көрдік. "Іске келсе көсем, сөзге келсе шешен", басына бөрік киіп жүретін Әлекең, консерваториядағы жалғыз қазақ сияқты көрінетін маған.
А.Алматов, 1990 жылы Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университетінен "Дәстүрлі өнер жыр" кафедрасын ашып, кафедра меңгерушісі болды. 1998 жылы 0621-"Дәстүрлі өнер жыр" мамандығының мемлекеттік стандартының авторы және жетекшісі болып, ҚР Жоғары оқу орнының мамандық жіктеуішіне енгізген де А.Алматов.
2007 жылы мені жұмысқа шақырды. Міне, Алмас Алматовпен жақынырақ танысып-білісу осы жылдан басталды. Әлекеңнің қиялы ұшқыр, арманы асқақ болатын. "Дәстүрлі өнер академиясын" ашсам деген ойымен бөліскенде шынымен-ақ таң қалғанмын. Жылға жетпей еліміздегі алғашқы музыкалық эпос "Көрұғлы"("Дайк-Пресс" баспасы, 2008) оқулығын шығардық. Армандар мен алға қойған мақсаттар көп-ақ еді, өкінішке орай Әлекең, шақыртумен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне ауысты.
Бір жыл бұрын өзі басқарып отырған кафедраға 0,5 жүктемемен жұмысқа алып, университеттің ғылыми кеңесі арқылы еңбектерімді негізге ала отыра доценттікке ұсынды. Айтқаны, "Бізге өнертану, музыкатану салалары бойынша мамандар керек. Қазанғап атындағы музыкалық колледжде мықты мамандар бар, келешегінде оларға да "доцент", "профессор" ғылыми атағын алып беру үшін және музыка мектептері мен колледж студенттерінің болашақта бакалавр, магистр дәрежесінде кәсіби білікті маман болып шығуы үшін бізге үш деңгейлі үздіксіз білім алу (музыка мектебі, колледж, бакалавр) жүйесіне негізделген "Дәстүрлі өнер академиясын" ашу кезек күттірмейтін іс. Техникалық және педагогикалық білім жүйесіне негізделген ҚМУ-дың жанында біз бұл істі атқара алмаймыз. Сондықтан болашақ мамандарды дайындап, магистратура ашу үшін Қазақ ұлттық өнер униврситетіне жұмысқа ауысамын,-деді.
Министрлікке ерітіп апарып қолыма, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен «Өнертану» мамандығы бойынша, Қауымдастырылған профессор(доцент) аттестатын» алып беріп, ертеңіне Қызылордаға ұшып келіп ҚМУ Университетінің ректоры Қ.А.Бисеновке кіріп, өзінің орнына «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасын басқаруға мені тағайындатып кетті. Үш ұйықтасам да түсіме кірмеген меңгерушілікті атқаруға мәжбүр болдым. Кафедра ашып, 22 жыл басқарған Әлекеңнің орнында 4-5 айға зорға шыдағанмын. Алмас Алматов болудың оңай емес екенін сол кезде білдім.
Өзі Сыр еліне басшылыққа келем дегенше Әлекеңнің елден көшкенін естіген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жырауды Астанадан арнайы шақыртып алып: "Алмас елден көшіп кетті дегенде, Сыр бойының жыр киесі бірге көшіп кеткендей күйде болдым. Әлеке менің мақсатым - сізді елге әкелу. Бірге жұмыс істейік" дегенін Сыр бойы жұртшылығы ұмыта қоймаған шығар. Әлекең де мұрат-мақсатына айналған «Дәстүрлі өнер академиясының» толық жобасын облыс басшысына осы жолы ұсынды. «Тау мен таудың құзар шыңы бір-бірінен ұзақ тұрғанымен, етегі жақын жатады» деген. Елім деген ерлердің мақсат-мүддесі бір жерден тоғысты. "Ердің құнын ер білер" деген осы дағы.
Алмас Алматовты еліміздің намысын қорғап, көк туымызды әлемнің түкпір-түкпірінде желбіретіп жүрген спортшы жігіттеріміз Алматыға жиі шақыртып, намысын қайрап, жігерін жанитын, санаға серпіліс беретін әңгімелерін тыңдайтынын өз басым бірнеше рет естігенмін. Қысылып қиналғанда да, келелі мәселені шеше алмай тығырыққа тірелгенде де Әлекеңнен ақыл сұрайтынымыз жасырын емес.
Екі жылдан бері "А.Алматов академия ашқалы жатыр екен" деген қауесет өрттей лаулап, Сыр бойы өнерпаздары шулап кетті. Әрине, әркім өзінің пайым-парасатына қарай парықтайтыны белгілі, дегенмен жақсылыққа жорыған жан болмады. "Әлекең арманына жеткен екен" деп, Алматыда біз жүрдік. Ақыры, желтоқсан айының орта тұсында Әлекеңді Астанаға арнайы іздеп бардым. Құшақ жая қарсы алған Әлекең шынымен-ақ қуанып қалды. "Елдің қамын ер ойлар" демекші, Әлекеңнің Сыр бойынан "Дәстүрлі өнер академиясын" ашу ойының іске асқаны көңілге қонып, кеудемді қуаныш кернеп қайттым. "Төке, саған үлкен сенім артамын" дегенде, ет жүрегім елжіреп кеткені де рас. Несі бар, қара басын күйттеп, тамыр-танысын тек қана атақ алуға салып жүрген мына заманда, елге барып өнердің шаңырағын көтеріп жатқан азаматқа неге көмектеспеске.
Қадірлі Сыр бойылық әріптестер! Той-томалақтың деңгейіне түсіп кеткен, төрдегі қадірлі басы босағандан бірақ шыққан арқалы өнерпазбен текті өнерді өз деңгейіне көтеруді бар болмыс-бітімімен мақсат еткен Алмас Алматовтың өрелі ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара қолдау көрсетейік. Жалт еткен жаңалықты жатырқамай, жақсының жанынан табылайық.
Заманында бес мемлекеттің астанасы орналасқан, ілім мен білім, өнер мен дін дамыған қасиетті өлкеміздің қадірін арттырып, әнін асқақтатып, күйін күмбірлетіп, жырын жалпақ жұртқа танытайық ағайын!
Төлепберген Тоқжанов,
қауымдастырылған профессор.
Алматы
Алматы
Комментарии 1