ЖАРАСҚАН АҚЫННЫҢ ӘЖЕСІ
Қазақтың қай азаматы да, қай ақын-жазушысы да ата-әже тәрбиесімен ауызданып өскенін білеміз. Сонан да шығар, әсіресе ата шапанының етегіне оралып өскен, әжесінің аялы алақанының жылуын сезінген Алаш қаламгерлері ала-бөле ұлттық салт-дәстүрге бейім. Сол қалпында есейіп, ержеткен кездері сарабдал салтымызды, дара дәстүрімізді ақ қағазға айнытпай түсіретінін қайтерсің.
Сол айтылғандай әже әлдиімен құлағына әдемі жыр әуені құйылған, әже көйлегінің етегінде ес жиған, ержеткен қазақтың тамаша ақындарының бірі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, марқұм Жарасқан Әбдірашев болатын. Енді Жарасқан сияқты жырлары жалынды, шабыты арынды, жастайынан дарынды ақынның әжесі кім, ел есінде қандай қасиет-қадірімен қалды екен деген сауалға жауап іздеп көрейік.
Бұған жауапты Арал ауданы, Жақсықылыш кентіндегі ардагер ұстаз, ұзақ жылдар ауыл балаларына салауатты өмір салтын үйреткен, осындағы №19 орта мектептің бұрынғы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Орынбай Әбдікеров есімді азамат берген болатын.
Орынбайдың әкесі Иса – Ұлы Отан соғысының ардагері, бертініректе қайтыс болған, ауыл-үйге қадірлі кісі ретінде есте қалған қарт. Сол кісі айтып отырады екен:
...1968 жылдың күз айы. Жарасқан ақынның әжесі, әкесі Әбдіраштың анасы Аңсаған (кейбір деректерде Аңсат) 94 жасында қайтыс болған жерде үлкендер жағы өткен-кеткенді еске алып, әңгіме көрігін қыздырып отырады. Бұл Жарасқан ақынның жиырма жастағы студент кезі еді. Сол кезде әңгімеге Әбдікердің Исасы араласып, қазаға жиналған жұрт біле бермейтін бір әңгіменің шетін шығарады.
– Жарықтық, Аңсаған ана нағыз жүрек жұтқан батыл әйел еді-ау. Ау, оның ұлы Әбдіраш та осал емес қой. Үмбет көкеміз бен Аңсаған әжеміздің Назым, Шиуа, Рахмет, Қоңыр, Мұса сияқты алты перзентінің ішіндегі бетке ұстары сол ғой. Әйтпесе атақты шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы:
Сухан, Әбдіраш, құлақ сал,
Бір кедейдің мұңы еді.
Маған келіп шағынған,
Жүрмісіңдер белсеніп,
Ел таниды сыртыңнан.
Кедейге түссе мейірімің,
Дұшпан үркер бұлтыңнан, - деп өткен отызыншы жылдары осылай жырына тектен-текке қосар ма еді. Сол Әбдірашпен бірге туған ағайынды Рахмет пен Мұса менімен бірге соғыстың алғашқы жылдары әскери әзірлікте болғанын қазір біреу біліп, біреу білмес, - деп қалың ойға шомып кетті...
Сұрапыл соғыстың екінші жылы. 1942 жылдың жадыраған жаз айларының бір күні Аманөткел ауылдық кеңесінен 36 жас жігіт келіп, Арал теңізі теміржол стансасынан Батысқа қарай қызыл вагонға отырады. Бағыттары – от-жалын лаулап, оқ ысқырып жатқан қанды қырғын майдан даласы. Ішінде осы әңгіменің көрігін қыздырып отырған Әбдікердің Исасы, Үмбеттің Рахметі мен Мұсасы бар әлгі жігіттер әуелі Ресейдің Троицк қаласына барып түседі. Бұл жерде оларды соғыс алдындағы дайындықтан өткізіп, күзге дейін химиялық қарудан қорғану оқу-жаттығу әдістеріне үйретіп жатады.
...Қараша айының соңғы күндері болса керек. Бір күні бөлімше командирінің «Ағайынды Үмбетовтер штаб бастығына кел» деген бұйрықты айғайы құлаққа шалынады. Оқу-жаттығу шараларына қатысып, шаршап-шалдығып жүрген жас сарбаздар әуелгіде «Не болып қалды екен?» деп бір-біріне сұраулы жүзбен қарайды. Кешікпей мұның сыры анық болады.
Кешкілік әскери оқу-жаттығу аяқталып, казармаға келген бұлар әуелі өз көздеріне өздері сенбей қайта қарайды. Себебі әскери формадағы Рахметі мен Мұсасын екі жағына алған Аңсаған ана кенет көктен түскендей болады. Содан ауылда қалған өз аналары келіп қалғандай бәйек болып жамыраса сәлемдеседі. Кейбірінің көздеріне сағыныштан моншақтай-моншақтай жас үйіріледі. Мұнда қалай жеткен, қалай іздеп тапқан деген сауал да жоқ емес еді жерлес жауынгерлердің іштерінде. Сөйтсе байғұс ана тау асып, жер асып қос құлынын сағынып, олардың елге жазған үшбұрышты хаттарындағы мекенжайы, әскери орыны арқылы анықтап алып-ұшып жеткен беті екен. Қазақтың «Сұрай-сұрай Меккеге де барарсың» деген сөзі осындайда айтылса керек.
Көп кешікпей атшаптырым казарманың бір бұрышына көлдей дастарқан жайылып, Ақшатаудың дәм-тұзы жауынгерлердің алдарына тартылады. Оның ішінде қақталған, қуырылған сазан, жайын балықтары, ауылдың құрт-майына дейін болады. Сөйтіп Рахмет пен Мұса Үмбетовтердің анасы жандарында екі күн бірге болып, үшінші күні аналық ақ батасын бағыштап елге аттанып, бұлар майданға тартып кетіпті.
Міне, сол бір ананың, Жарасқан ақынның әжесінің қос перзентін іздеп қаншама бейнетпен жол шеккенін сол бір қария осылайша ойға алған екен.
– Аңсаған ананың ақ батасы дарыған шығар, оның ұлы Мұса екеуміз соғыстан елге аман-есен оралдық. Ал, екінші ұлы Рахмет Украина жерінде, менің тағы бір жерлес жауынгер досым, шөмішкөлдік Ардана жігіт Нағашыбай оққа ұшып, майдан даласында мәңгі қалып қойды, - деген екен сонда осыдан жарты ғасыр бұрынғы әңгімесінде соғыс ардагері Иса Әбдікеров.
Аңсаған әженің қайраткерлігі, кісілігі Жарасқан ақынның «Тоқпақ жілік» атты жырында анасы Даражаның сөзімен бейнеленеді. Аңсаған әже болмыс-бітімі былайша суреттеледі:
Салт бойынша келе жатқан ежелден,
неге болсын түк үндемей төзем мен.
Атанғанмен «Басқарманың әйелі»,
барлық билік ауыспайды, әжеңнен.
Ал, әжеңнің шығып кеткен атағы,
уысында Үмбет шалдың отаны...
Алыс-жақын ағайынға, туысқа,
ат мінгізіп, шапан жауып жатады.
Азанменен оянбасақ әл құрып,
асасымен кейде тіпті алды ұрып.
Құтылмастай көруші едік, дүние-ай,
ол да кетті орнын бізге қалдырып.
Артық айтсам,
өзің кешір, жаратқан,
Тағдырыма тәубе деймін әр атқан!..
Сол енеміз еншілеген ақ отау
ертелі-кеш арылмайтын қонақтан...
Кейін Алашқа алдаспан жырымен танылған Жарасқан сияқты ақын немересінің «Тоқпақ жілік» жырында суреттелетін әжесі Аңсаған ер жігіттер сындыра алмаған құнан қойдың тоқпақ жілігін қайратты қолымен сонда қақ бөліп, отырғандарды айран-асыр қалдырған екен.
Міне, Жарасқан ақынның сол әжесі Аңсаған (Аңсат) Ұлманбет қызының шыққан тегі Кіші жүз Әлім тайпасы, Айдарбектің Ардана руынан екен. 1882 жылы туып, сөзіміздің басында айтылғандай, 1968 жылы 94 жасында Жарасқан ақынның атасы, өмірлік серігі Үмбеттен (1874-1926ж.ж) қырық екі жылдан кейін бұл дүниеден өтіпті.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі,
Ж.Әбдірашев атындағы әдеби
сыйлықтың лауреаты.