«Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері Анкарада өтті
Анкара қаласында «Алаш туы астында» деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрсетілімге Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның Кітапханалар және басылымдар бас директорының орынбасары Яхия Өзен, танымал түркітанушы Гази университеттің профессоры Хулия Касапоглу Ченгел, әдебиетші-ғалым Джемиле Кынаджы, профессор Әбдуақап Қара, Түріксойдағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, түрік зиялылары, қазақстандық студенттер қатысты.
Фильм көрсетілімінде сөз алған елші Абзал Сапарбекұлы желтоқсан айының қазақ ұлты үшін ерекше маңызы бар екенін айта келе, Алаш қозғалысы жөнінде түсірілген ең ауқымды фильмді дайындап, Түркияда көрсеткен Түркиядағы «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамына алғысын жеткізді.
«Ұлт-азаттық күрес жолында Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп жар салса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Оян, түркі әлемі!» деп шақырады», - деді Абзал Сапарбекұлы.
«Алаш ұлттық қозғалысын бастаған зиялылар тек қазақ даласын ойлап қана қойған жоқ, олар бүкіл Орталық Азияның болашағын ойлады. Тәуелсіз мемлекет құра алмаса да, тәуелсіз мемлекетте болуы қажет барлық шешімдерді қабылдады», - деді елші.
Танымал түркітанушы Хулия Касапоглу Ченгел болса қазақ ұлт-азаттық күресі өкілдері мен түріктің ұлт азаттық күресін жүргізген тұлғалар арасында ұқсастық бар екенін атап көрсетті.
«Олар - егіз рухтың, тең толғаныстың тұлғалары. Қазір Алаш зиялыларын бүкіл түркі елдері әспеттеп еске алады», - деді ол.
Деректі фильм Анкара тұрғындары, зиялы қауым өкілдер және жас зерттеушілердің көңілінен шықты.
Еске сала кетсек, «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері қараша айының басында Астана қаласында өткен болатын. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесіп түсірді. Деректі туынды «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» секілді үш бөлімнен тұрады.