Камералық оркестр – мектеп сахнасында
Қызылорда облыстық филармониясының жанынан құрылған камералық оркестр Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің сахнасында өнер көрсетті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Сыр елінің мәдениеті тарихында тұңғыш оркестрдің бүгінгі концерті Қызылорда қаласының қос ғасырлық мерейтойына арналды. ҚР Білім беру ісінің үздігі Кеулімжай Ботабаев дирижерлық еткен оркестр Моцарттың, Вивальдидің және Россинидің бүкіл әлемге танылған классикалық шығармаларын орындады.
Оркестрдің жеке орындаушысы Нұрай Шалман Дж.Пуччинидің танымал «Богема» операсынан «Вальс Мюзетты» мен «Қазақ вальсі» және жас солист Айбек Хайрулла Кабалевскийдің «Серенада Дон Кихота» шығармаларын жоғары деңгейде орындады. Ал оркестрдің ең жас мүшесі №268 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Бота Мақсұтқызы оркестр сүймелдеуімен Ықыластың «Жез киік» күйін скрипкада ойнап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, оркестрдің репертуарында К.Дүйсекеевтің «Скрипкаға арналған Скерцо», Б.Дәлденбаевтың «Кларнетке арналған концерттік пьеса», Борис Кырвердің «Веселая полька» және түріктің «Учкидара» халық әні болды. Пианино, скрипка, гобой, сыбызғы секілді музыкалық аспаптарда классикалық әуендерді кәсіби деңгейде орындаған оркестр көрермендердің көңілдерін көтеріп, ұлттық музыка мәдениетіне деген құрметтерін арттырды.