Жас мемлекеттік қызметшілер арасында жайдарман ойыны өтті
Қызылордалық жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атауымен жайдарман сайысы болып өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыстық соттық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайыс Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне орай ұйымдастырылған шараға облыс бойынша жас мемлекеттік қызметшілерден құралған 11 команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Ойын барысында командалар сыбайлас жемқорлық, саясат, мемлекеттік қызмет тақырыбын өз әзілдеріне қосты. Олар әзіл арқылы қоғамдағы кейбір келеңсіз жағдайларды көрсетіп, сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күресуге үндеді.
Аталған сайыста Қызылорда облыстық сотының намысын «Ұлы дала заңгерлері» командасы қорғады. Сот ұжымының қойылымдары көпшілік көңілінен шықты.
Сайыс соңында қазылар алқасы тартысты сайыстың жоғарғы деңгейде өткендігін атап өтіп, жеңімпаздарды анықтады.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің командасы иеленсе, ІІ орын Жалағаш аудандық әкімдігінің «жайдарманшыларына» бұйырды, ал ІІІ орынды облыс әкімдігінің командасы иеленді.