Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Тәуелсіздік күнін қалай атап өтті?
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік - азаттығымның айғағы» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Концерттік бағдарлама ұлы даланың ұлы тұлғалары ұрпақтарына өсиет сөздерін арнап, қазақ халқының ел болудағы алғышарттарды қара сөзбен басталды. Театрландырылған қойылым арқылы оқушылар әр ғасырда өмір сүрген тұлғалардың берікті сөздерін келтіре отырып, жиналғандардың рухын көтерді.
Ұлттық рухты оятып, отаншыл сезімді қалыптастыруға бағытталған шара әрі қарай «Туған жер» қазақ биімен жалғасып, мектептің жас әншілері патриоттық әндерден шашу шашты.
Іс-шарада өз өнерлерін ортаға салған оқушылар Тәуелсіздіктің – олар үшін ең құнды қазына екенін көрсетуге тырысып бақты. Мектеп хореографтарының орындауында татар халқының ұлттық биі тәуелсіз елімізді мекендеген 130-дан астам ұлыстардың бірлігінен көрініс берді.
Сондай-ақ шара барысында мектептің халық аспаптар ансамблі де өз өнерлерін паш етті.
Елдік пен еркіндіктің бастауы болып табылатын бұл айтулы мерекені Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы осылайша сән салтанатымен атап өтті.