Сырдың сұлуы «Астана аруы-2018» байқауында бақ сынауда (фото)
Сыр өңірінің тумасы Александра Беглова «Астана аруы-2018» байқауының финалисі атанды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан байқау биыл Астана қаласының 20 жылдығына арналмақ. Осымен 20-шы мәрте ұйымдастырылып отырған байқаудың бүгін соңғы күні. Nomad City Hall сахнасында астаналық арулар «Астана аруы» атағы үшін бақ сынасады.
Байқауға қатысушылардың арасында Қызылорда қаласының тумасы Александра Беглова да бар. 23 жастағы ару №198 мектепте білім алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде хореография мамандығын игереді. Бала күнінен бимен айналысатын Александра 2 жылдан астам уақыттан бері Елорданың тұрғыны. Ол «Наз» мемлекеттік театрының мүшесі.
«Байқаудың кастингі 25 қараша күні өткен болатын. Сол күні конкурсқа жолдама алдым. Ертесіне байқауға дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы уақытқа дейін "Шарапат" медицина-әлеуметтік мекемесінде тұратын ардагерлер мен қарт адамдарға барып, қал-жағдайларын сұрадық. Тұңғыш Президент күніне орай, қарттарға арналған қайырымдылық концерті өткізілді. Сонымен қатар Астана қаласындағы ерекше қажеттілікке мұқтаж балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатына бардық. Онда мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерімен танысып, сый-сияпаттарымызды ұсындық», – дейді Александра Беглова.
Байқауға қатысушы арулар қарттар үйіндегі қайырымдылық концерті кезінде ардагерлерге 5 плазмалық теледидарды сыйға берген. Сонымен қатар, қатысушылар қарт адамдармен әңгіме-дүкен құрып, баталарын алған.
Александраның айтуынша, «Астана аруы-2018» байқауына 20 астаналық ару қатысуда. Оның үшеуі Сыр өңірінің тумалары.
Суреттер А.Беглованың Инстаграм парақшасынан алынды