Күйші-композитор Мұрат Садықовпен кездесу өтті
Арал ауданының Құрметті азаматы Мұрат Сыдықовпен кездесу кеші өтті. Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Мұрат Садықов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, күйші-композитор, ақын-жырау.
Кездесу кешінде Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев: «Нұртуған шайыр, төкпе күйдің төресі атанған Қазанғап сынды дүлдүлдердің асыл қазыналарынан сусындап өскен Мұрат Сыдықовтың өнердегі өресі биік, дарынды тұлға екендігі баршаға аян. Өмір жолында өнеріңізбен ерекшеленіп, қоғамда еңбексүйгіштікпен, белсенділік іспетті қасиеттеріңізбен нағыз ірі тұлға ретінде халық ықыласына бөленіп келесіз», - деп, ақжарма тілегін жеткізіп, сый-сыяпат табыстады.
Сонымен қатар, «Жырлайды Арал перзенті» кітабының редакторы Жандос Мұратұлына Қызылорда қаласының 200 жылдық төсбелгісін табыс етті.
Арал аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұмабай Жақып Мұрат Сыдықовтың шығармашылығы жөнінде естеліктерімен бөлісті.
Тағылымды шарада өнер иесі шығармашылығы мен әндерінің шығу тарихына тоқталып, халқымыздың рухани дамуына үлес қосып келе жатқан отбасылық ансамблі жөнінде баяндады.
Кеш барысында өнер иесінің ән-күйлері мен жырлары, терме-толғаулары орындалды.