Жан тебірентер қойылым
Кеше Қазалы аудандық мәдениет орталығының жанындағы Халық театры аудан жұртшылығына Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектаклін тарту етті. Қойылымды аудан басшысы Мұрат Ергешбаев та қалың көрерменмен бірге тамашалады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спектакль күллі қазақ халқының ғасырлық қасіретіне айналған Семей полигоны тақырыбына арналған. Шығармаға арқау болған жан тебірентерлік оқиғамен қабат режиссерлік жұмыстың, әртістер шеберлігінің нәтижесі анық байқалды. Ләйлә рөлін халықты өзінің өнерімен тәнті еткен актриса Ғалия Алдамұратова сомдады. Сонымен қатар актерлік құрамда өнер көрсеткен Жантұрған Тоқмамбет, Гүлбану Досан, Әбілқайыр Өтелбаев, Нұрлан Баекеев, Рысалдиева Индира, Әмір Сариевтер де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Рухани кешке жиналған халық кейіпкерлермен бірге қоса мұңайып, қосыла күліп, сахнадағы қасірет көрінісін жан-жүрегімен қабылдап отырды. Алдағы уақытта аудан жұртшылығы өнер ұжымының кезекті қойылымын асыға күтеді.