Қарттар мен мүгедектер үйінде қайырымдылық концерті өтті
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, ата-аналары, және мектеп әкімшілігі аймағымыздағы Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде болып, қайырымдылық шарасын өткізді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шара «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның 10 жылдығы мен Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 5 жылдық мерейтойлары аясында ұйымдастырылды. «Номад» Шаңырақ Қауымдастығы әзірлеген концерттік бағдарлама бойынша оқушылар ұлттық билер мен патриоттық әндерді орындап, мектептің халық аспаптар ансамбілінің мүшелері жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, қазақтың күмбірлеген қара домбырасында күй ойнап, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Концертке келген әжелер мен аталар оқушылармен бірге сүйікті әндерді шырқап, би биледі.
Кеш соңында ұйымдастырушылар қарттарды ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтап, сыйлықтар үйлестірді.
Айта кетейік, бүгінде медикалық-әлеуметтік мекемеде 173 адам, оның ішінде 74 мүмкіндігі шектеулі жандар мен 99 қарттар тұрмыстық, медициналық және әлеуметтік көмек алып жатыр.