«Қаны бір елім, жаны бір елім»
Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» өзбек өнерпаздары өнер көрсетті. Өзбекстанның Навои облысынан келген өнерпаздар өздерінің ұлттық өнерлерінен тарту жасады.
Көршілес халықтың «Қаны бір елім, жаны бір елім» атты концерттік бағдарламасында өзбек әндері мен билерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, сол елдегі қазақ өнерпаздары да ән мен күйден шашу шашты. Концерттік бағдарламада 20-ға жуық өнерпаз елдің қошеметіне бөленді.
-Сыр өңірі тұрғындарының қонақжай қасиеті бізге өте ұнады. Бұл жағынан бір-бірімізге өте ұқсаспыз. Сондай-ақ, қос халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрінде ерекше айырмашылық жоқ екені белгілі. Біз Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында басқа да шараларды жоспарлап отырмыз. Астана қаласында өзбектің ұлттық киімдері мен мәдениетіне арналған көрме өткізу ойластырылған, - деді Навои облысы әкімінің орынбасары Улугбек Сафаров.
Мұндай игі шаралар негізінен еліміздің оңтүстік бөлігіндегі Тараз, Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларында өткізіліп келеді.