Жастар жырдан шашу шашты
Жыраулық өнердің терең тарихы Сыр бойынан тамыр тартады. Көмекейден құйылған құмбыл үн домбыра шанағынан төгілген күмбірмен астасқанда адамзат тұрмақ, тұмса табиғаттың өзі мүлгіп кетеді. Балқы Базар, Нысанбай жырау, Қарасақал Ерімбет, Тұрмағанбет, Жиенбай жырау, Даңмұрын, Кете Жүсіп, Нақып, Бұдабай, Дүр Оңғар секілді сүлейлер осы жыр киесі қонған қасиетті өңірде, киелі топырақта туған. Олардың артында қалған асыл мұралары бүгінде Сыр елінің ғана емес, тұтас ұлт руханиятының бір бүйірін бүтіндеп тұр. Тіпті олар таратқан тәлім-термелер қанша буын ұрпақты отаншылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеп келеді.
Жалағаш ауданы Таң ауылының мәдениет үйінде облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен аталған елді мекеннің мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Астананың – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған «Жырдан шашу шашайық» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті. Ұлт мұрасы – жыраулық өнердің тінін жалғап, дәріптеп жүрген жас жырауларды халық алдына шығарып, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдау және жан- жақты қолдау көрсету мақсатында өткен байқауға аймағымыздың әр ауданынан жиырмаға жуық өнерпаз қатысып, бақ сынады.
Бақ сынаған жас жыраулар алдымен Астана, Қызылорда қалаларының мерейтойларына арналған терме-толғауларын орындаса, екінші кезеңде оларға тақырып еркіндігі берілді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады». Олардың қай-қайсы да көптен бері жырға сусындап жүрген ауыл халқына «Ой, пәлі!» дегізіп, лайықты қошеметке бөленді. Әсіресе, жас жыраулар кешегі Сыр сүлейлерінің жауһар жырларын орындағанда залдағы қалың көрерменнің қазақтық қанын тулатты, ұлттық рухын оятты, жүректердегі иманның көзін ашты, сана саңылауларынан сәуле түсірді. Иә, өздері құндақтап жүрген қасиетті де, құнды өнерді сахнаға алып шығып, өздеріне тән дауыс бояуларымен, орындаушылық шеберліктерімен тыңдаушысына жеткізе білді. Алайда, жарыс болған соң оның жеңімпазы да болады. Жыр додасы өз мәресіне жеткенде жеңімпаздарды марапаттау үшін сахна төріне көтерілген қазылар алқасының төрағасы Б.Саймағанбетов киелі өнердің тарихын тереңнен толғай келе, жыр тұлпарын тақымдап келген жас жыраулардың додада шаң қауып қалмай бірі-бірімен қапталаса шапқанына сүйсініп, олардың болашағынан көп үміт күтетінін жеткізді.
Байқаудың бас жүлдесін жалағаштық жас жырау Думан Ахметов қанжығасына байлады. Ал, І орынды Арал ауданынан келген жыр жампозы Жәнібек Жақсанов иеленді. Жүлделі ІІ орын қазалылық Өмірзақ Жанболатқа бұйырса, ІІІ орынды қармақшылық Руслан Қарабисенов пен Қызылорда қаласынан келген жас жырау Жәку Ақбота еншіледі.