РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОБЫЗШЫЛАР БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Сыр өңірінде «Қорқыт. Қобыз» атты қыл қобызшылар мен қобызбен жыр айтушылардың республикалық байқауы болып өтті. Ұлттық өнерді дамыту, дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау және оларға жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат тұтқан шара елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз – дәстүрлі музыка жаңғырған байқауда 17-55 жас аралығындағы 17 өнерпаз бақ сынады. Астана, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Қызылорда облыстарынан келген қыл қобызшылар Қорқыт күйлерін шертсе, қобызбен жыр айтушылар Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, ортағасырлық дәуірдегі көне жыр үлгілерінен үзінділер орындады.
Байқау барысында прима қобыз, фортепиано сүймелдеуімен сазды күйлерді нақышына келтіре орындаған өнерпаздар арасынан астаналық Шолпан Шарапатова шашасына шаң жұқтырмай, бас жүлдеге ие болды. І орынды алматылық Аятолла Тұрғанов пен қызылордалық Айнуза Бегімсалова иеленсе, ІІ орынды оралдық Мөлдір Жалмұханбетова мен алматылық Әсел Қыдырмұрат, ІІІ орынды шымкенттік Анарбек Мырзабай мен қызылордалық Айдана Рүстембек бөлісті.
Қобызбен жыр айтушылар арасындағы сында қызылордалық Марат Сүгірбай, алматылық Қазбек Әдікей, қостанайлық Қыдырбек Қиысхан, қарағандылық Әлібек Бимендин жүлделі болды.